Жомарттық–жан рахаты
Жомарттық–жан рахаты

Сананы тұрмыс билеген қоғамда садақа жайлы сөз етпекпіз. Оның ішінде; жомарттық, қайырымдылық, мәрттік сынды қазақы қасиеттердің қазіргі көрінісін бағамдап көрсек. Мойындауымыз керек. Бүгінгі нарықтық психология пұлды бергеннен, алған дұрыс деп пайымдайды. «Садақаны сауыңда бер». Бабалардың бұл өміршең өсиетін өзімізге әдетке айналдыралмай жүргендейміз.  Тақырыпқа тұздық болған мына оқиға.   

Таяуда бір бауырымыз; «Менің мешітке садақа жәшігіне салған 5-10 теңгем не болады?»–дейді. Яғни, бай-бағландар мен жомарт жандар сала берсін. Біз байығасын береміз деген ниетін меңзеді. Ішімнен ай-қайдам дедім. Қалтасында 1000 теңгесі бола тұра, 100 тиынын садақаға қимаған жан, ертең миллионер болғанда бір бөлігін Жаратқанның жолында қияды дегенге сену қиын.

Хош. Теңгесін қимаған танысыма жауап. Бір кісінің берген не салған 10 теңгесіне мешіт қызметкері 1 бұранда (шруп) сатып алады. Онымен мешіттің қаусап тұрған есік тұтқасын бекітіп қояды. Сосын. Жүздеген жамағат тұтқадан ұстап, есікті ашып, жабады. Құдай қаласа сансыз сауаптың астында қаласыз.

Әрине, сауап көзге көрінбейтін нығмет. Алайда Алла алдында барғанда абыройыңды асқақтады. Бұл дүниеде ісіңе береке береді. Бүгінгінің болмысы. Пендеміз ғой. Тікемізден тік тұра алмай, тірлігіміздің тынысы тарылғанда. Не бәле-қырсықтан аман қалғанда. Жолымыз ашылмай, ісіміз ілгері баспаса ғана садақа беруге асығамыз. Анығырақ айтқанда. Жеті күлшемізді пісіріп, жетпіс теңгемізді санап, имандылық үйіне жүгіреміз. Осы тұста орынды ой туады.  Ал, неге он екі мүшеміз сау, жайма шуақ күнде Тәңіріміз еске түспейді немесе сауапты іске салғырттық танытамыз? Жәә...келесіге көшелік.

 

Бүгінгінің атымтай жомарты қайда?

«Дарындыдан қарынды озған уақытта, шекарасыз жомарт адам сен болдың» деп ақын Мұхтар Әуезов айтқандай адам бойындағы бұл ізгі қасиет жайлы қанша айтсақта артық етпес. Кешегінің «Жомарт жан», «Мәрт мінез» теңеулері бүгінде «Байларда жылайды» деген сөзбен шатасып кеткендей. Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде жауанмәрттіліктің үш сипаты айтылады. Олар: шындық (сыддық), ақ пейілділік (кәрәм), даналық (ғақыл). Осы үш сипаттан тағы үшін түсінік тарайды: шындықтан әділет, ақ пейілділіктен шапағат, даналықтан ақиқат туындамақ. Бойында осындай қасиеттері бар жан жомарт аталса, оның жасаған істері жомарттық деп аталады.  

XIX-ғасырда өмір сүрген поляк саяхатшысы әрі ғалымы А.Янушкевич жазбаларының бірінде: «Шіркін-ай, егер де бүкіл әлемді қазақтар жайлағанда, онда мен дүние жүзін тегін, еш шығынсыыз аралап шығар едім»деп естелік қалдырған. Әрине, мұндай жүрекжарды лебіздің астарында қазақ елінің дархандығы мен жомарттығы жатқаны даусыз. Бұрынғыны бүгінде аңыз қылып айтамыз. Бабаларымыз келген қонаққа мініп жүрген жалғыз атын сойып, ертесіне бос жүгенін ұстап қалатын жағдайларға тарих қуә. Десе де, мұндай мәрттікті қазір жасау қаншалықты қиын? Немесе не кедергі?

Дана қазақта «Жомарт бергенін айтпайды» деген ұстаным бар. Хадисте: «Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесін» дейді.

Ия, жомарттықтың негізгі өзегі–қайырымдылық. Жоқтықтың тауқіметін тартып, садақаға мұқтаж жандар жетерлік. Біздікі тек жомарт жандар легі көбейсе деген тілек. Кейде пайдасынан зияны көп, пендешілік пиғылдың пайымына алданып, Абай айтқандай тектен текке «мал шашпаққа» бой ұрындыратындар қатары азайса.

Әманда сауапты істерге ұйытқы болып, жақсылық жолында жарысушылар қатары көбейе бергей! 

                                                                                                                      Әбдісамат ӘБДІШ. 2015 жыл.

Әбдісамат ӘбдішӘбдісамат Әбдіш
2 жыл бұрын 1244
1 пікір
  • Иә, дұрыс айтасыз. Жақсы тақырып. Мәселені де дұрыс көтеріпсіз. Айтқандарыңыз орынды. Тек амал қылатын қазақтар көбейсе.
    2 жыл бұрын