Ұшты, ұшты «Гүл» ұшты...
Ұшты, ұшты «Гүл» ұшты...

Жуырда аға буын өкілі мен жастар қауымы дөңгелек үстел басына жиналды. Талқылаған тақырыбы ұлттық құндылықтарды ұлықтау. Үлкендер жағы өнегесін сөз етсе, жастар жағы бүй деді: Үйлену тойында қалыңдық гүлін лақтыруға қарсымыз–деді. Гүлді қағып алған қыздар әлі тұрмыс құрмай жүр. Бір жағынан ыңғайсыз елдің көзінше қыран-топан гүлге таласқаны...Күлкіге қалып құлап жатқаны қаншама...тағы осы секілді пікірлер айтылды. Яғни, қысқасы. Бұл рәсім қазақы ұстанымға сай емес деген ортақ ойға тоқтады.

       Хош. «Қазақ ырым етеді, ырымы кейде қырын кетеді» деген. Бүгінде батыстың қаңғысы, бізге таңсық болып тұр. Мұны мәселе етіп көтерудегі мақсатым мынау: балама жолын табу не ұсыныс айту. Жаһандануға жұтылмау. Ортақ ойға үндеу. Шешу жолын іздеу.  Мәселенки. Қаттыыыы гүл қаққысы келіп отырған қыздарға көп балалы ананы, яғни «Алтын алқа» иегерін ортаға шығарып ақ батасын бергізсе. Не ырымдап білезігін берсе. Неге? Өйткені. Ардақты аналарымыздың көргені көп. Қазақ әу баста үлкеннің сөзіне ұйыған халық. Соның ішінде еліне сүйеу болатын перзент сыйлаған аналарды ардақтаған. Менікі емес, Алланың берген 14 ұл-қызым бар дейтін әжелеріміздің өмірі, кейінгі 2-3 баладан асырмайтын келіндерге үлгі. «Ағаштан ағаш рең алады, адамнан адам тәлім алады»,–деген мақал іс жүзіне асар еді. 

Не болмаса. Асаба жігіт. Салт-дәстүрлеріміз жайлы әлгі қыздарға сауал қойса. Көп жауап бергеніне жолың ашылсын деп ақ орамал сыйласа. Батыстың бейәдеп рәсімін ұлттық нақышқа ыңғайласақ деген ой біздікі. Бүгінгі қыз, болашақ ана екендігін сезіндіруге үлес қоссақ ұтқанымыз. Қазақ қыздары қашанда өздерінің ұлжандылығымен, өзіне тән нәзіктігімен, рухани тазалығымен ерекшеленсе. Ар-намысы жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында абыройлы екендігін ұмытпасақ. Болмашы гүлге асаба алаңына шығып, өз қадірін кетірмесе игі. Бұл бір мәселе.

Екінші. Той десе қу домалайтын қазақ екендігімізді әлем біледі. Қазір қала не дала деп бөлінбейді. Бәрі бірдей болып қалды. Айтайын дегенім әлгі «гуілдеген гулянка» емес.              Ол атылғанда иттер құйрығын бұлаңдатып қайда қашарын білмей қалатын-отшашу рәсімі. Бұл рәсім тойға кірместен алдын және кейін орындалады. Тойханаға жақын маңда орналасқан көршілердің мазасы мен ұйқысын алары сөзсіз. Бар-жоғы 3-4 минуттың айналасында 30-50 мың теңге көлеміндегі қаржы көкке ұшады. Өздері көк түтінге малынады. Рахат сезімге бөленеді деседі. Бір білетінім. Келін түскенде шашу шашатын еді. Теріп алғандарға да жұғысты болсын деп. Ал отшашқандардың мақсатын түсінбедім. Дұрыс қой, той қазақтың қазынасы. Шашыл. Барыңды һәм байлығыңды көрсет. Бірақ, аста-төк ысырапшылдықтан арылған абзал деп айтатын адам бар ма ауданда?

«Қазыналы қартың болмаса, топта береке болмайды, айтылған сөзге көнбесе көпте береке болмайды» деген дана қазақ. Той барысында қазыналы қарттарымыз өздерінің өрелі сөздерімен жастарға деген сыни көзқарасын білдіріп жүрсе. Тәмам. Тоқта тіл. Екінші мәселені осы жерден түйіндейін.  Енді сөз соңына үңіліп көріңіз.

Сөз соңы.

Әрине Әбдісамат айтты екен деп қазақтың тойына өзгеріс ене қоймас. Біздікі тек тойдағы кірме рәсімдерге көкейдегі пікірімізді білдіру. Үнемшілдіктің ырыс, ысырапшылдықтың шығыс екендігін естеріне салу. «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар» депті, бұрынғылар біздерге.  Шама-шарқын бағаламай, шығынға шаш етектен бату-бұл бүгінгі тойдың бәсекеге айналып бара жатқандығының бір көрінісі ғана. Ал оқырман сөз сізде. Тақырыпқа сай қос сұрақ: «Батыстың қаңсығына тамсана берген жөн бе? Әлде...Екінші рәсімде: «Көрпеге қарап, көсілген ләзім бе»...?

                                                                                               Әбдісамат ӘБДІШ. 2015 жыл. 

Әбдісамат ӘбдішӘбдісамат Әбдіш
2 жыл бұрын 802
3 пікір