Талқаны таусылды...
Талқаны таусылды...

     "Тәйт" мына тілші не деп тұр деп жазғырмаңыз. Ия, тақырыпта айтылғандай қазақта "Талқаны таусылды" деген сөз тіркесі бар. Дүниеден озғанға айтылады. Ақиқатын айтқанда, айдың-күннің аманында арғы дүниеге асығушылар көбейді. Жазбайым десем жаным тыныштанбады. Содан мақаланы қысқа-нұсқа қайырып жазуды ұйғардым. Себебі, қолдан жасалған қысқа ғұмырлар көбейіп кетті. Талқыға салып таразылайын дегенім -талқаны таусылған талайлардың тағдыры. Яғни-сұм суицид. Сонымен статистика сөйлейді. Әлем елдері бойынша Қазақстан алғашқылардың қатарында. Бірінші Шриланка елі. Хош. Сәл артқа шегінелік. Тәуелсіздіктен бастап тарқатып көрелік. 

         90-жылғы тоқырауда көбінесе ер адамдар, оның ішінде ересектер арқанға «асығатын». Мейлі, ажалдың арам түрі болса да, мұның сылтауы бар болатын. Еңсесі езілді, жұмысы жүрмеді, тіршілігі тоқырады дегендей. Ал қазір сол ит өлімге не итермелеп жүр жастарды? Жас болғанда да, бұл ауру -  буыны әлі қатып үлгермеген балақайлардың арасында өршіп тұр. Міне сізге дерек. Еліміз бойынша 2009 жылы 202 жеткіншек өз түбіне өзі жетсе, 2010 жылы  237 бала бақилық болған. Әлеуметтанушылар түсіне алмай, тиісінше түсіндіре алмай дал. Неге? Себебі неде? Шама шарқымызша зерттеп зерделесек. Бастамасы төмендегі жайсыз жәйттар.

               Ең бірінші, жастар арасындағы суицидке кінәлі – желік сезім.          

 Әлгі  ән бар еді ғой есіңізде ме?  «Бу акшам өлерім» дейтін. Қайырмасына келгенде осылай қылқына жылайтын түріктің өлеңі.  Білетін жұрт, осы ән хит болғанда, Анадолыда ажал құшқан (дұрысы өзіне-өзі қол салған) жастың көп болғанын айтады.  Әрине әнді  кінәлайын деп тұрғаным жоқ. Тек, бұл өлең - өлгісі кеп жүргендерді асықтыра түсті арғы жаққа. Бар кінасы осы ғана. Қазір мұндай мұңлы, жылауық әндер бізде де  көп-ақ. Соған қарап қазіргінің махаббатын түсінуге болатындай ма қалай? Иә, қазіргі жастардың махаббат туралы түсінігі мүлдем бөлек. Бұрын қолын ұстаса, қызарып-суынатын. Ал қазір, қалалық жерде  некесіз жақындаса салуда оңай болып кеткен. Оған тағы себеп, айттым ғой, махаббат деген түсініктің бұрмалануынан. Ойнастық жасауды махаббат дегені, өздерінше.  Қалалық деңгейде айтқаным ғой. Ауданымыз ондайдан ада деп жақсыға жорйық.

Иә, қаншама қаракөздеріміз осындай "махаббатқа" мас болып, қанша рет шоқ басты екен? Бір болады, құтылады. Екі болады, тағы құтылады. Үшінші рет.  Бұл жолы толық тұтылады. Құрсағына қуыршақ бітеді. Қайдағы қуыршақ  деп қалмаңыз. Себебі, көп қыз ішке біткенді алдырып тастайды. Жасанды түсік. Қуыршақ болмағанда несі қалды. Еш алаңдамайды. Ал ары жібермегені 7-8 айға дейін жеткізеді. Бірақ, ата-анасы біліп қояды. Не істейді?  Балалар үйіне өткізсе ол да жақсы ғой. Амал жоқ әлгіндей жолмен алдырады я ажал құшады. Міне мәлімет, 2012 жылдың өзінде  еліміз бойынша, 150-дей қыздың жүкті болып, сонысынан шошып қыршын кеткенін айтады. Әрине, ажалға асығуға тек жүктілік қана себеп десек, қатты қателесеміз. Себебі, оған түрлі басқа да факторлар әсер етеді.

         Тіршілігінен түңілушілер неге көбейіп кетті? Бұл жөнінде асыл дініміз Исламға жүгінсек.

         Ислам діні суицидті мүлдем құптамайды.  Себебі адамға жан – аманат етіп табысталған. Ал аманатты тек Алланың өзі ғана алады. Тіпті өзін өлтіру былай тұрсын, денеге сурет сызуға болмайды. Алла Елшісі(с.а.с) ондайларға қарғыс айтып, өкініш болсын деген. Олай болса, өз өмірін қиғандар міндетті түрде жауапқа алынады. Пайғамбарымыздың (с.а.с):«Кімде-кім өзіне пышақ жұмсаса, тозақта өмір-бақи ішіне қанжар салып өтеді. Биіктен құлап өлсе, құздан құлдилайтын болады. », – деген хадисі бар. Бұл ақыреттегі ахуалы. Ал, осы өмірде, қаншама жақын-жуықтарына қайғы тастап кетеді. Нағыз мұсылман – бақытқа кенелсе шүкір деуі керек, қайғы-кесапатқа тап келсе, сабыр деуі арқылы мұсылман. Ендеше бұл дерттен құтылудың жолы-балаларымызды ерте бастан имани тәрбиемен сусындатсақ қана өскелең жас Алланың қалауымен бұл дерттен аулақ жүрері анық.

Шешу жолдары...

          Хош. Алдын алу жолы- қарым-қатынас, тәрбие және имандылық. Өмір мен өлімді ешкім түсіндірмегесін, балалар бәрін оңай көреді. Анасымен ұрсып қалады, қорқытқысы келеді, қылқына қалады. Үлгерсе босатады, үлгермесе өмірі үзіледі. Сала мамандарының сөзіне қарағанда суицид қолайсыз отбасыларда көп кездеседі. Алайда, дүниесі жеткілікті дәулетті жанұяларда да кездеседі.  Не жетпейді сонда? Бір білгеніміз, суицид-толық анықталмаған ауру. Тұқымқуалаушылығы тағы бар. Осы тұрғы да аз-кем айтарым бар еді. Жан тапсыру оңай емес. Қит етсе тамырын кеспекке ұмтылатын жастар болады.  Тамырды кесу өлімнің ең оңайы деп біледі. Тіпті де олай емес екен.  Қан таусылуға тақағанда, бас ісініп, тіл күрмеледі. Буын тырысады. Тыпырлайсың. Кинода көрсететін көркем кейіп жоқ мұнда. Бетің быжырайып, көзің ақырайып барып ажалды қарсы аласың. Солай қатасың да қаласың. Сені көрген тума-туысың жаны  түршігеді.  «Дәрі жұтамын, жеңіл болады» деу олда - жаңсақтық. У қанға сіңіп, жүрекке жеткенде, селкілдейсің. Жан бере алмай қиналасың. Тырмалайсың, жұлмалайсың. Кеш бәрі. Кеш. Ал, асылу өте ауыр өтеді. Тілің сыймай салақтап, көзің аларақтап... ары қарай айтудың өзі қорқынышты. Құлаудан құдай сақтасын. Жерге жетпей жүрек жарылады.  Тоқта тілім.  Қорқынышты ғой я айтыңызшы? Бірақ болып жатыр осылай қоғамда.

                                  Тәлімді түзу тәрбие – түңілмеуге себеп.

Ағайынға айтарым. Бұның басты емі – баланы жалғызсыратпау. Үнемі дастархан басында сұхбаттасып, ішкі жан-дүниесін түсінуге тырысу. Қазақы һәм имани тәрбиеден қол үзіп қалмау жағы да қаперде болса. Яғни, қарапайым ғана қағида: «Баланы жетiге келгенше тыйма, жетi жастан бастап құлыңша қина, ал он төрттен кейiн құрдасыңдай сыйла». Сонда ғана үмітіңді ақтар ұл-қызың. 

 Соңғы ой.   Жігерлі жас буын. Не түйдің? Мүмкін, түңіліп жүрген бір туысың не танысың есіңе түскен болар. Яки, қиналып жүрген досың бар шығар. Ендеше, барып, хал-жағдайын біл, қолдау көрсет. Білгеніңше жан-дүниесін түсінуге тырыс. Түсінбесе, ақырындап ата-анасымен ақылдас. Оған да қанағаттанбасаң, мектебіңдегі психолог мамандармен пікірлес. Қашанда көмек қолын созуға даяр болшы жарай ма? Тек жасырмашы. Жасқанбашы. Жанында жанашыры болшы. Бәлкім, аты жаман аурудың алдын алуға сенде себепкер боларсың...

Көрнекі сурет baq.kz сайтынан алынды.

                                                                                                                       Әбдісамат ӘБДІШ. 2015 жыл. 

имани иммунитет. күш-жігер.
Әбдісамат ӘбдішӘбдісамат Әбдіш
9 жыл бұрын 5355
0 пікір
Блог туралы