Құранды қаншалықты құрметтеп жүрміз?
Құранды қаншалықты құрметтеп жүрміз?

        Әңгіменің әлқиссасын арыдан бастайын. Арыдан дегенім, құрметтен бұрын, Құран қасиетіне аз-кем тоқталып өтсек. Құран-ақыретке дейінгі күллі адамзаттың барлық рухани әрі заттық сұраныстарына жауап беретін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы қасиетті кітап. Құран-таусылмайтын қазына. Құнығып оқитын құндылық. Сауабына ой жүгіртіп көріңіз. Хадиске сүйенсек: «Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады.Ал, әрбір жақсылық он еселенеді. Мен Әлиф,Ләм,Мим-ді бір әріп демеймін, Әлиф-жеке бір әріп, Ләм-жеке бір әріп, Мим-жеке бір әріп(әрқайсысына жеке-жеке сауап жазылады.)-деген. Құранды бастаған сәтте, «Бисмилләһир раһманир раһим» деп бастаймыз. Байқасаңыз бұл сөз 19 әріптен құралған. Яғни, 10-ға еселесек 190 сауапқа ие боламыз. Ары-қарай санамай-ақ қоялық. Себебі, Алланың хикметін санасақ тауыса алмасымыз хақ.

        Енді, Құранға құрметсіздік жайын айтсақ. Кейде қонаққа барғанда,  төрде ілініп тұрған қасиетті кітапты көптеп көзіміз көреді. Үй иесінен:«Құранды қаншалықты жиі оқисыз?»-деп әңгімеге тартсаңыз. Қайдағы оқыған, түсінбейміз деп басын ала қашады. Тек жылына екі мәрте үйді ақтағанда Құранның шаңы сүртіліп, орнына қайта ілініп қоятынын естігенде, көңіліңіз су сепкендей басылады. Кім кінәлі? Тағы сол баяғы қайтып келмес кеңестік кезеңді кіналаймыз. Хош. Бірақ, Тәуелсіздік алғанымызға жиырма бес жылдың жүзі болды. Сол солақай саясаттың санаға түскен «сызатын» сызып тастап, тазалайтын кез келді емес пе?

      Қарапайым ғана мысал. Патшамыз сізге Хансарайынан «Хат» беріп жіберді делік. Бірінші кезекте сіз не істейсіз? Әрине, ішінде не жазылды деп, қуанышты көңіл күймен, ашып көруге асығасыз. Үйге жеткенше бойыңызды алып күш билейді. Ал, Патшалардың Патшасы, Патша Құдайдың жіберген Құранын ашып көруге асықпай, төрге іліп қою құрметсіздіктің белгісі болмас па екен? Дұрыс. Құран кіндіктен төмен тұрмауы тиіс. Биік жерде тұрғаны абзал. Тек сыртына ғана құрмет көрсетіп жүрген секілдіміз. Сүйікті Пайғамбырымыз(с.а.с) : «Үйлеріңде Құран Кәрімді көп оқыңыздар.Себебі Құран оқылмаған үйде, жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады»-деген. Құранды жүргізіп оқи алмасаңыз, мешіттердегі діни сауат ашу курстарына барыңыз. Әлде, ата-аналарыңызға қияметте күн сәулесінен де жарық тәжі кигізгіңіз келеді ме? Онда мына хадиске зер салыңыз: «Кім Құран Кәрімді оқып, сол бойынша әрекет етсе, қиямет күні оның ата-анасының басына сондай тәжі кигізілетіні соншалық, оның нұры бұл дүниедегі күн сәулесінен де жарық болады. Енді Құран бойынша әрекет еткен адамның сауаптарын өздерің есептеңдер.»-дейді.

         Ия, Құран – дүниеде де ақіретте де бақытқа жеткізетін Алланың кәламі. Құран-қараңғы жүректерге нұр береді. Олай болса, іске сәт бауырым! Бүгіннен бастап, қолыңа қалам дәптеріңді алып, дәріске кіріс, оқығаның һәм жаттағаның үшін де берілетін қат-қат сауаптан құр қалма.

                                                                                                    Әбдісамат ӘБДІШ. 2015 жыл.

Әбдісамат ӘбдішӘбдісамат Әбдіш
10 лет назад 3802
0 комментариев
О блоге