ШӘЙНЕК ПЕН ШЫРҒАЛАҢ
ШӘЙНЕК ПЕН ШЫРҒАЛАҢ

Осы күнге дейін бір емес бірнеше бауырым базынасын жеткізді. Тыңдап көрсек, тақырып ауаны ортақ. Тарқата айтсақ, той-томалақ та ішімдік қою мәселесі. Жас жұбайлар алғашқы қуанышын Алланың тыйған нәрсесінен тыйылып, той жасағысы келеді. Алайда осы кезде ата-ана мен баласы арасында түсінісбеушілік туады. «Біз өзгенің тойында іштік. Енді олар біздікін ішуге келеді». «Құдадан ұят». «Қой қайдағыны айтпа, қоямыз». Мұндай көндіру сөздер ата-ана тарапынан ұлына қардай борайды. Қысқасы, Құдайын ұмытып, құданың көңілінен шығуға қарекет жасайды. Әрине, жиырма жасар бозбаланың ата-анасына сөз өткізуі екіталай. Не керек, екі жақты келісім шәйнекке келіп шешімін табады. Шешімін дегенде, бұл нұсқа нағыз шырғалаң. Яғни, дастархан төрінде арақ-шарап қойылмайды. Бірақ, ішімдік шәйнек арқылы ұсынылады. Түптеп келгенде, жаңа құдаға арақ бәрібір қойылады һәм құйылады. Бір ерекшелігі, мойны ұзын шөлмектен емес, «шәй» кейпіндегі шәйнектен. Кім-кімді алдап жатыр, ұқпайсыз. Пайымға салсаңыз жаратылған заттың Жаратушыны алдауы.

ХОШ. Жас жұбайдың не үшін шыр-пыр болып жатқанын бағамдайық. Оқыған-тоқығаны бар замана жастары «арақтың атадан қалған ас» еместігін жақсы біледі. Пайғамбар (с.а.у.) хадисінде: «Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірген адам ішімдік қойылған дастарханға әсте отырушы болмасын» делінген. Байқағандай ішпек түгілі, ол жерге отырудың өзінен қайтаруда. Тереңінен түсінгенге тәлім мол. Себебі, арақ–барлық жамандық атаулының бастауы. Шараппен тілек айтылған шаңырақтың берекесіздікке душар болары айқын. Әттең, осыны ата-аналар қауымы дұрыс түсінсе игі. Қазақтың ұлттық сусыны-қымыз-қымыранмен той өткізуге болатынын қалыптастырсақ құба-құп болар еді. Өкінішке орай, ұлттық сусыннан гөрі у «сусынды» аңсаушылар қатары көп болып тұр. Арақсыз адал той өткізеді екен дегенді естігендер оданда «Құран оқыта салмай ма» деп сырттай келемеждейтіні тағы бар.

        

«ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҚҰНСЫЗДАНҒАН ҚОҒАМ»

Мұның бәрін не үшін айтып отыр деп ойлайсыздар? Әрине, Ұлы дала елінің ұрпағы батыр болғанын бәрі қалайды. Бірақ, қос жұптың қуанышты қадамына қайдағы бір ащы сумен тілек айтуы қазақылыққа жат. Шариғатта отбасы иманнан кейінгі негізгі құндылыққа жатады. Егер нені ұмыттық дейтін болсақ, әуелі сол отбасы құндылығын ұмыттық. Жанұядағы ерлі-зайыпты бір-бірінің қадір-қасиетін ұмытты. Қала берді екі жастың бақытын ұмытты. Той–жас жұбайлар үшін емес, құдалар үшін жасалатын болды. Бірін-бірі қайталамайтын бәсекелестік. Ұлдарыда ата-анамнан қаламын ба деп тығылып ішіп, белдегі баланың сапасыз болуына бой ұрдыруда. Қоғамдағы осындай құндылықтардың құнсыздануы жас жұбайлардың жылға жетпей жұптары жараспауына әкеліп соғуда. «Әй» дейтін әже «Мадхубаланы» ойлап мазасы қашса, «қой» дейтін қарияның саны азаюда. Сайып келгенде, «сен саларда мен салар, атқа жемді салардың» кейпі.

Жоғарыда айтқандай, шараптың шарапатынан гөрі, кесапаты көп. Бұл берекесіздіктің барлығы Жаратқанға мойынсұнбаудың салдары. Ойланып ой жүргіртіп, қымыз-қымыранды қолға алатын қоғам қалыптасса қандай тамаша. Бақытты да баянды ғұмыр кешудің төте жолы–Тәңірдің тыйғанынан тыйылып, бұйырғанын бұлжытпай орындау. Міне, сонда ғана жас жұбайдан ізгі ұрпақ дүние есігін ашып, қоғамға пайдасын келтіретін перзент қатарынан болары сөзсіз.

 

ТҮЙІН

Алла Елшісі (с.а.у.) - арақ жасауды талап еткен; арақ жасаған; арақты тасыған; сатқан; сатып алуды талап еткен; сатып алған немесе сыйлық еткен; сатқанынан пайда көрген; ішкен; арақ ішкендермен бірге отырғандарға қарғыс болатынын хадисте айқын айтқан. Ал, ойлы оқырман, ендігі әрекет өзіңізде. Ой түйіп, адал той жасау сіздің еншіңізде...

Әбдісамат ӘБДІШ, 2016 жыл

Әбдісамат ӘбдішӘбдісамат Әбдіш
9 лет назад 5232
0 комментариев
О блоге