Тақырыбын оқып, жеке кәсіпкер екен деп қалмаңыз. Мақаланың жарнамаға еш қатысы жоқ. Жай ғана қарапайым қазақ баласының жанашыр жазбасы. Аристонды білмейтін жан жоқ шығар. Әйтсе де артық болмас, айта кетейін. Ол-су жылытқыш тұрмыстық техника. Бар болғаны 20-30 мың теңге көлемінде. Бұл су жылытқыш техниканың қадірін біліп қолданып жатқандар аз. Айтарымды «бісміллә» деп, бастайын. Бәлкім, берекесі болып, бәрі болмаса да біршамасы орнатып алар. Әңгіме арқауын ашықтай түссек. «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз»- деп, Абай атамыз айтқандай, адам баласының бұл дүниеге жіберіліуінің түпкі мақсаты Жаратушысын тану болса, танығаннан кейінгі кезекте құлшылық жасау тұратыны айтпаса да белгілі. Ал құлшылық өз кезегінде тазалықсыз жүзеге аспайды. Құранда: «Сөзсіз Алла тәубе еткендер мен тазаланғандарды сүйеді» (Бақара,2/222)-деп асыл дінімізде тазалықтың орны ерекше екендігін ескертеді. Тіпті: «Тазалық-иманның жартысы»(Муслим,Таһарат,1) деген хадисте бар.
Айналып келгенде қаузайын дегенім «Ғұсыл» яғни, «Бойдәрет» алу жайы. Бәз біреулер ойлайды моншаға түссек болды, бойдәрет алынды деп. Бойдәреттің 3 парызы бар, мұны орындамай бойдәрет алынған болып есептелінбейді: 1). Ауызды сумен шаю, шайғанда да тамаққа дейін апарып «ғарғара» жасау тіптен абзалырақ. 2). Мұрынға су тарту, тартқанда да кеңсірікке дейін тартып ащытып шайса бұл да абзал. 3). Иненің жасуындай құрғақ жер қалдырмастан толық жуыну, яғни шаш, құлақ, кіндіктің ойығына дейін түгелдей су тиюі тиіс. Түгелдей деп отырғаным, Пайғамбарымыздың (с.а.с): «Әрбір шаштың түбінде бір жүніптік бар. Сондықтан шаштарыңды жуыңдар. Денені де жақсылап тазалаңдар» -деген хадисіне сүйенген едім.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) қалай ғұсыл алатынын Хазіреті Айша(р.а) анамыз: «Аллаһ Елшісі жүніп болған кезде, алдымен қолдарын жуумен бастайтын. Сосын оң қолымен сол қолына су төгіп, ұятты жерлерін жуып, артынан дәрет алатын. Одан кейін су алып, саусақтарымен шаштарының түбіне дейін сулайтын. Сосын басына үш рет су құйып, одан кейін денесіне су құятын. Ең соңынан аяқтарын жуатын.»(Әбу Дауд.Таһарат.120). Бұның бәрін неге айтып отыр демеңіз. Қоғамдағы ең бір әдетке айналмай жүрген мәселенің бірі осы- Жүніптік хал. Яғни, ерлі-зайыптылар арасындағы жыныстық қатынас, немесе осыған ұқсас жағдайлардағы шәһуаттың сыртқа шығуы секілді. Ол- рухани ластық. Көкте періштелер жүніп халдегі адамға қарғыс айтып тұрады. Жерде басқан әрбір қадамына жер жиіркенеді. Бойдәретсіз жүрген адамға жын-жыбырда жақын жүреді. Сондықтанда неғұрлым тезірек бойдәрет алғаны абзал.
Ия, дініміздің жуынып-тазалануды міндет қылып жүктеуі, қоғамда тазалықты өмір салтына айналдыруды меңзесе керек. Дей-тұрғанмен қазіргі таңда қалаларда мәселе жоқ, ыстық жылы суы үйіне келіп тұр. Ал ауыл да ше? Өкінішке орай, ауылдар да қыстың күні шомылуға мүмкіндік жоқ. Ақылы монша бар, бірақ ол таң атпай сен үшін моншасын жақпайды. Сондықтан тапқан таянған тиын-тебенін түйістіріп бір аристон алып алса, игі іс болар еді.
Жалпы тарихқа көз жүртсек. Еуропалықтар ХIХ ғасырда ғана тазалықты қолға алса, мұсылмандар VII ғасырдан-ақ монша пайдаланған. «Дені саудың, жан сау» демекші, діннің тазалыққа ден қоюуына бекер емес. Күнделікті бес уақыт намаздан алдын алынатын дәреттің өзіндік сауаптарымен қатар ағзаларымызға тигізер пайдасы орасан зор. Бір ғана мысал. Бүгінгі батыс ғалымдары 1 грамм мұрынның суында 10 млн. бактерия болса, 1 грамм түкірікте 100 млн. Бактерия кездесетіндігін дәлелдеді. Ия, дәрет алған уақыттағы үш мәрте мұрынға су алып, кеңсірікке дейін тартып, тазалаудың артында үлкен хикмет жатқандығы айқын. Хош. Айтпақшы. Аристоны барлар күніге шомылады деген сөз емес. Бірде енді үйленіп, отау тігіп жатқан бауырымызға әңгіме арасында бойдәрет жайлы айтып, оның ер мен әйелге жүніптік халден арылу үшін парыз екендігін түсіндірдім. Содан бір- екі ай уақыт өткесін әлгі бауырымызды тағы да кезігіп қалдым. Сөз арасында «Бойдәрет» мәселесі не болып жатыр десем? Ол: «Ой, қойш! Үйдегілерден ұят екен. Күніге таңертең тұрып шомыла берген»– демесі бар ма. Бұл енді аристоны бар жігіттің айтып отырған әңгімесі ғой. Кімнен ұят? Қандай ата-ана таңертең ерте тұрып тазаланып шомылып жатқан баласына ренжуші еді? Адамнан ұят екен, ал Алладан ұят емес пе? Жаратушымыздың 99 көркем сипатының бірі әл-«Құддыс» -яғни «Тазалық сүйгіш»-емес пе еді?
Қорыта айтқанда, тазалық-барлық уақытта да өзектілігін жоймайтын қағида. Ол бүгінгі күніде өміршең. Тақырыпқа арқау етіп алуымның да себебі сол еді. «Мықты болсаң жердей бол, бәрін шындап көтерген, таза болсаң судай бол, бәрін жуып көтерген»-деп, бабаларымыздың өсиетін іс жүзіне асырсақ игі болар еді.
Ал, ағайын шамаңыз жетсе, ақырындап ақша жинап аристон алыңыз. Әлде аристонның атын өзгертсек пе екен? Әлгі түріктердің «Албени» деген шоколады бар ғой. Аты айтып тұрғандай «Ал мені» деп...
Әбдісамат ӘБДІШ. 2015 жыл.