Күнделікті мінетін көлігіміз такси. Түрлі жүргүзушіні де жолаушыны да көресің.Түнеугүні қырықты алқымдаған таксист ағамызбен екеуара әңгіме өрбіп жатыр. Қастелеспесем қасындағы кісі көптен көрмеген кластасы. Қызды-қыздымен бала-шаға санына келіп жетті. Әлгі таксист ағамыз. Ұл-қызының жасы қанша да екенін және неше оқитынын білмеді. Бір білетіні. Былтыр үлкен ұлы мектеп бітіргенде алғаш рет бітіру кешіне қатысыпты. Оған дейін бірді-бір мәрте ата-ана жиналысы дегенге жоламапты. Әңгіме ауанынан байқағанымыз. Ағамыздың бар жұмысы осы темір тұлпарды тізгіндеп тиын-тебен табу. Дұрыс. Нәпақа табу ердің мойнында. Бірақ, бұрынғы заман десекте бүгінгі заман десекте, әкенің отбасындағы орны ерекше емес пе? Яғни, баланың бойына өр мінезділік қасиетті кім береді?
Бүгінгі күннің күйбең тіршілігінен бір мысал.
Бірде баласы жұмысбасты әкесіне: «Әке, бірнәрсе сұрасам бола ма? Әкесі: «Тыңдап тұрмын». -Бір сағатта қанша ақша табасыз?..Әкесі ашуланып: «Не шаруаң бар!»-дейді. Бала: «Әке, айтыңызшы білгім келіп тұр». –«Қоймадың ғой. Бір сағатта шамамен 500 теңге табамын». Баласы аз-кем ойланып: «Әке, маған 100 теңге қарызға беріңізші!». –Немене, менің табысымды қарыз сұрау үшін тексердің бе? Бөлмеңе барып, ұйықта, менің уақытым жоқ деп зекіп береді. Біршама уақыттан соң. Әкесі баласын жөнсіз өкпелеткенін түсініп, бөлмесіне кіреді. –«Балам! Ұйықтап жатқан жоқсың ба? Мен қатты сөйлеп қойдым. Ренжіме. Міне сұраған 100 теңгең деп қолына ұстатады. Бала қуанып, төсегінен ыршып тұрады да, жастығының астынан біраз бүктелген ақшаларды шығарып, жүз теңгені қосады.Әлгі ақшаларды ақшаларды көрген әкесі ашуланып «Ақшаң бар екен ғой!. Не ұшін менен сұрадың» деп, ұрысады. Сонда баласы: «Әке менің ақшам жетпей тұр еді. Енді 500 теңге болды. Міне алыңыз. Маған бір сағатыңызды бөліңізші» дейді.
Оқиғадан ұққанымыз бала шын мәнінде әкесімен сұхбаттасуға, әңгімелесуге зәру. Бүгінгінің кейпі осы. Енді бұрынғысынан бірер сөз. Дана қазақ бала тәрбиесіне қашанда бейжай қарамаған. Баланы ертеңгі ел қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа тәрбиелеген. Бір ғана «баланы жастан» деген сөздің астарынан қазақтың бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Баласы есейіп 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін болған. Ондағы мақсат: көпті көрген көнекөз қазыналы қарттардан бабалар ерлігін, яғни, кең байтақ жерімізді батыр бабаларымыз ерлікпен қорғағанын насихат етіп кейінгі ұрпаққа саналы түрде санасына сіңіріп отырған. «Ері жоқ елдің күні қараң» деген Күлтегін жыраудың бұл сөзі бүгінгі күні үлкен маңызға ие.
Түйінсөз. Дана қазақ «жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дейді. Темекі шекпе, арақ ішпе деп өздері ішіп, шегетін әкелер бар қоғамда. Бөтелкесін өткізіп сағыз аласың деп, баланы бір шиша араққа жұмсай салады. Бұл деген сөз ұлттың, қоғамның әрісі адамзаттың алтын діңгегін құрайтын отбасының азуы болашақ ұрпақтың өркен жаюына аса зиян келтіретіні анық. Ендеше, отбасында әке, ер, күйеу өз орнын алуы қажет. Оның мысы басым болмаған отбасында бірлік пен береке орнай қоюы екіталай. Керісінше, ұрпақ бойына жасықтық пен жасқаншақтық, сөзінде тұрмау, екіжүзділік, өсекке жақындық, бос сөзділік, бозөкпелік сияқты жайсыз қасиеттер ғана ұялап, намыссыздық дертіне ұшырайды. Ал, оқырман сіз қандай әкесіз?
Әбдісамат ӘБДІШ
2015 жыл
Ал әкесін не анасын көрмей өсіп жатқандар қаншама...