Класс жетекшіңе шипажайға жолдама сыйла!
Класс жетекшіңе шипажайға жолдама сыйла!

Құрметті 10-20-30-40 жылдықтарға құлаққағыс! 

           Түнеугүні «20 жылдық» деп бір бауырымыз теңге іздеп жүр, жан ұшырып. Өзі жұмыссыз. Кластасс қыздары – 10 мың, ұлдары – 20 мыңнан жинап жатыр. Дым білмегендей бағдарламасын сұрап көрсем, жәшік-жәшік сыра алып, тауға демаламыз деп басын бастады. Кафедегі кездесулерін айтпай-ақ қояйын. Хош. Айтайын дегенім, 20 жылда бір класс жетекшісіне 450 теңгелік гүл сыйлайтын шәкірттер!

         Білесіздер, бұрнағы сіздерге білім, тәлім-тәрбиесін берген ұстаздар бүгінде самайын ақ шалған ақ жаулықты аналар не аталар. Қазірде олардың басы ауырып, балтыры сыздайды. «Давлениесі» тағы бар дегендей. Кезінде қатырып оқыдамық. Сытылып сабақтан қаштық. Айтқандарын бірде істеп, бірде істемедік. Парта да түрткілеп тыныш отырмадық. Шуладық. Үй тапсырмасына келгенде мүләйімсіп басымыз салбырап тұрды. «Үш бар жерде, күш бар» деп, тегін үшке мәз болыстық. Міне, мұның бәрі психологиялық һәм моральдық тұрғыдан да мұғалімдерге «нагрузка». Олар да адам. Олар да шаршайды. Оданда орталап жиғанға ақшаға, жалғыз класс жетекшілеріңе санаторияға жолдама сыйласаңдар сауапты іс болар еді. Дана қазақ «Ұстазға құрмет–шәкіртке міндет» деп, дөп айтқан.

Тақырыпқа тұздық.

         Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Арамызды жеті көше болғанына қарамастан, ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін»–деп, өзін ілімге баулыған, әдеп пен тәрбие үйреткен ұстазына өмір бойы қалтықсыз құрмет жасап, үнемі жақсылық тілеп өткендігін айтқан. Олай болса, ойланып, ортақ шешімге келіп, ұстазымыздың шипажайға ем қабылдауыларына ұйытқы болайық.

        Жақшаның ішінде айта кетейін. Жылдағы көріп жүрген көрініс. 10-20 жылдықтар мектепке пәленбай мыңның соңғы үлгідегі теледидарын не компьютерін сыйлап жатады. Ал, мектептердің барлығы мемлекет қамқорлығында. Жыл сайын бюджеттен миллиондаған қаржы бөлінуде...

                                                                                              Әбдісамат ӘБДІШ. 2015 жыл.

ұстазға құрмет
Әбдісамат ӘбдішӘбдісамат Әбдіш
9 жыл бұрын 4276
1 пікір
Блог туралы