Үңілген жастардан, түңілетін заман туды. Бұрындары майл-ру мода еді. Бүгінде уацапсыз уақыты өтпейтіндер саны өсуде. Көшеде, көлікте, жұмыста, қоғамдық орында ұялы тұтқаға үңілгендерді көргенде, шын мәнінде қызметі қауырт екен деп ойлайсыз. Ақиқатында олар уақытын текке өткізіп жатқандарын біреу білер, біреу білмес. «Уацап». Бұл әлеуметтік желінің, басқаға қарағанда мүмкіндігі мол. Әйтеуір болмады дегенде күніне 2-3 мәрте бас сұғады. Сондағысы достарының басты бетіне қандай сурет қойғанын бір сүзіп шығады. Әсіресе, бейнеролик. Оның ішінде; жасырын камераға түсірілген қысқа қалжыңдар. Бастары қосылса, айтатындар да сол. «Әлгі приколды көрдің бе»?–деп, әңгімелерін бастайды. Мән-мағынасыз. Ерсі қылықтар. Бір-біріне тарату да жан салмайды. Қысқа сөзбен қайырғанда. Батыстың қаңсығы, бізге таңсық болып тұр. Әй, менің немерем, мына экранын түртіп ашатын, ұялы тұтқаны өзі меңгеріп алған. Білмейтіні жоқ деп апаларымыз мәз. Білім ошақтарына бара қалсаң. Оқушылардың қолында кірпіштің көлеміндей телефонды көреміз. Айтайын дегенім. Жас буын ұялы тетіктің ішіндегі, интернетті игілігіне икемдесе игі. Бірақ, біздердікі ойын ойнау мен әлеуметтік желінің әлегіне түсуден әрі асалмай жатыр. Одан да кітап оқымайсың ба деп ақыл айтсаң, ғаламтор да қолжетімді дейді. Дұрыс. Алайда кітапты парақтап, сезініп оқығанға не жетсін. Бәрін айтта, бірін айт, «Уацапсыз уақыты өтпейтіндердің жырын айт» демекші, уацаптан уақытқа көшелік.
Уақыттың қадірін түсінбей жүрміз ау шамасы. Қанатты сөзбен айтқанда; «Ұрланған заттың орнын басқа нәрсемен толтыруға болады, бірақ ұрланған уақыттың орнын еш нәрсе толтыра алмайды». Ұғына білгенге бұл да бір өсиет. Уақыт-адамзат баласына берілген баға жетпес құндылық. Барлықтарыңыз білесіздер Батыс Еуропа елдерінде кешігу деген үрдіс жоқ. Әрбір басқосу өз уақтысында басталады. Біз батыстың қаңсығына еліктесек, олар біздің баға жетпес құндылығымызды қадірлеудің жолын өмірлеріне қағида етіп алған. Тақырыпқа тұздық.
Бірде батыс мемлекетіне барып, олардың әрбір минутпен санаса отырып, жұмыс істейтініне таңырқаған азиялық мұсылман жігітке батыстық тілші былай депті; «Оның несіне таңырқайсың. Мұның бәрін біз сендерден, яғни мұсылмандардан үйрендік. Сендер минутына дейін санап күнделікті бес уақыт намаз оқисыңдар, ауыз бекітіп, ауызашар кезінде бір минут уақыт кірмесе, соны күтесіңдер». Яғни, уақытпен санассақ ұтарымыз көп. Бос уақытын бекерге өткізген көп бауырларымыз жаза басып жатқандары да аз емес. Бұл тұрғыда Ахмет Яссуаи бабамыздың; «Кітабына үңілген бала, егін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды»деген екен. Әрбіріміз тіршілік пен қоса құлшылығымызды қатар атқарып, Пайғамбарымыз (с.а.с) өсиет еткен екі нығметтің бірі–уақыттың қадірін білуге барымызды салсақ...
Әбдісамат ӘБДІШ. 2015 жыл.